Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жария етті.

Артқа қайту

Маңызды құжаттың Білім күнінде ел азаматтарына таныстырылғаны ерекше оқиға болды. Жалпы біз ғана емес барша ел ұстаздары, бірқатар маңызды әрі өзекті тапсырмалар мен жоспарларды естіп марқайды! Естігеніміздей Президент жолдауына сай 2025 жылға дейін 1 мың жаңа мектеп салынбақ, осы жылдың өзінде 200 мектепті ашу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде орын тапшылығын жоюмен қатар, бүлдіршіндердің жаңа, заманауи мектепте оқуларына ықпал етеді. Сонымен қатар оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру және оқу бағдарламаларын бейімдеу бойынша шаралар жоспарланған. Бұл болашақта білімді де білікті мамандардың қатары толығады деген сөз. Себебі – бүгінгі білімді оқушы ертеңгі білімді маман. Әлем күн санап емес минут санап өзгеріп жатқандығы белгілі. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылатынын алға тартты. Ендігі кезекте мұғалімдердің біліктілігін қазіргідей бес жылда бір рет емес, үш жылда кемінде бір рет арттыру көзделіпті. Президент сондай-ақ педагогтерді тегін курстармен толық қамтамасыз ету қажеттілігі туралы мәлімдеді. Мені мектеп директоры ретінде мұғалімдерге осындай мүмкіндік туатыны аса қуантады. Себебі қарамағымдағы мамандарға осындай жағдай жасалса, олардың жұмысқа деген мотивациясы одан ары арта түсетін еді. Сондай-ақ жас ұрпақтың білікті де білімді болып қалыптасуында мұғалім бірінші орын атқаратыны белгілі болғандықтан, жас ұрпақтың тірбиесіне әрі біліміне осы іс арқылы қомақты оң үлес қосылмақ. Президент сондай-ақ толық жинақталған ауыл мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыруға кезең-кезеңмен көшіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл шара әртүрлі өңірлерде қаржыландыруды теңестіру, материалдық-техникалық базаны жақсарту, алым-салықтармен байланысты тәуекелдерді едәуір төмендету, мектептердің қаржылық дербестігін арттыру және бюджет қаражатын жұмсау тиімділігін жақсартуға мүмкіндік бергені рас. Осы орайда өзім басқарып отырған Қызылжар Абай орта мектебі көпке үлгі. «Bilim Media Group» компаниясының басшысы Рауан Кенжеханұлы ауыл балаларына сапалы білім беруге әлеуетті мектептің жаңа моделін жасау идеясын жүзеге асырып, қазірде ол жоба өміршеңдігін көрсетіп, өз жемісін беруде. Мемлекеттік жеке меншік серіктестіктің арқасында ауыл мектебі көркейіп, қала мен ауыл мектебінің білім сапасындағы айырмашылығы азайды. Қазіргі таңда оқу ордасының елді мекенде орналасқанына қарамастан, түгелдей заманауи құрылғылармен жабдықталған, жаңартылған мектепте ауылдың қара көздері білім алуда. Жалпы елдің дамуына серпін беретін тың бастамаларға мұғалімдер қолдау танытуда! Қызылжар Абай орта мектебінің директоры: Бауыржан Төленов