Қызылжар Абай орта мектебі сәтті жұмыс атқаруда

Артқа қайту

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері Қызылжар Абай орта мектебінің тыныс-тіршілігін көрді. Облысқа іссапармен ҚР Президентінің көмекшісі, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Ерлан Қарин ат басын тіреді. Жұмыс барысында Қызылжар Абай орта мектебінің жұмысымен танысты. Сенімгерлік басқаруға беріліп, құрылтайшы есебінен күрделі жөндеуден өтіп, жаңа бағдарлама бойынша білім беріп жатқан мектеп жайлы меймандарға мектеп директоры Бауыржан Төленов толық ақпарат берді. Сонымен қатар мектеп оқушылары қонақтарға күрделі жөндеуге дейінгі мектеп пен қазіргі заманға сай мектептің айырмашылығы жайлы баяндады. Заманауи стандарттарға сай ауыл мектебі әркімнің болсын көңілінен шығары анық. Білім ордасымен танысудан соң өткізілген жиында Рауан Кенжаханұлы жалпы «Абай мектебін» құрудағы мақсат пен жоспарлар туралы айтты. Бұл жоба коммерциялық тұрғыда емес мемлекеттік жеке меншік серіктестікті дұрыс бағытта қолдана білудің жолы екеніне тоқталды. Аталмыш жоба сөзбен емес, іспен ауыл мектебінің деңгейін аз уақытта біршама деңгейге көтеруге болатынының айқын дәлелі болғаны шындық. Алдағы уақытта өңірімізде сенімгерлік басқаруға берілетін мектептердің саны артуы ықтимал. Өз кезегінде Ерлан Қарин білім ордасының жұмысын, сенімгерлік басқарудың өте сәтті шыққанына тоқталды.