Қызылжар Абай мектебінде 8 ұлт өкілі тату-тәтті білім алып жатыр

Артқа қайту

1 Мамыр Қазақстан халқы бірлігі мерекесіне орай мектебімізде мерекелік іс-шара өтті. Мектептің көшбасшыларынан құралған топтың оқушылары ұйымдастырған мереке түрлі бөлімдерден тұрды. Бірінші Қызылжар Абай орта мектебіндегі әр ұлт өкілі жиылғандарды өз ұлтының салт дәстүрімен, өнерімен етене таныстырды. Артынша таныстырылым барысында әрбір ұлт өз қандастарының қазақ жеріне қалай, қандай саяси кезеңдердің әсерінен келгендері туралы тарихи оқиғаларды шебер сахналады. Шара соңы әр ұлт өкілдерінің мерекелік эстафетасымен жалғасты. Айта кету керек, Қызылжар Абай орта мектебінде қазіргі таңда 8 ұлт өкілі білім алады. Олардың айтуынша қазақ жері, халқы, мәдениеті еш адамды бетінен қақпай достық қарым-қатынаста өмір сүруде. Бұл біздің мемлекетімізде татулықтың биік тұрғанының бейнесін айқын көрсетеді. – Қазақстан халқының бірлігі күні – керемет мерекелердің бірі. Бұл достықтың, махабаттың, түсіністіктің, келісімнің символы. Бүгін білім ошағында тамаша іс-шара өтті. Үлкен жанұямызға қазақ, орыс, украин, неміс, татар, поляк, армян, әзірбайжан ұлттары кіреді. Әр түрлі ұлт өкілдерінен құралған мұғалімдер мен оқушылар топ-топқа бөлініп, ұлт өкілдерінің басты дәстүрлері мен мәдениеті туралы тарихтан сыр шертті. Мереке аясында оқушылар ұлттық киімдер, тағамдар, ойындарды көрсетті. Оған қоса әр ұлттың биі биленіп, әні шырқалды. Мереке соңы «Мен қазақ, Қазақстанда тұрамын» атты әнмен тәмамдалды, – дейді орыс тілі пәнінің мұғалімі Елена Шрайбер. – Бізде керемет мереке өтті. Жылда асыға күтетін күндеріміздің бірі. Мектеп лидерлері қолдарынан келгенінше атсалысты. Осында шаралар барлығымыздың бірлігімізді нығайта түседі. Мұғалімдерімізге көмектері үшін алғысымызды білдіреміз,– дейді пікірімен бөліскен 11 сынып оқушысы Рузана Малхасян.