Солтүстік Қазақстан облысы: “Қызылжар Абай орта мектебі” ҚҚ республикалық “Таным” сыйлығының иегері атанды

Артқа қайту

Алматыда Х Азаматтық форум аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның қатысуымен ҮЕҰ сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Жыл сайын республикалық, салалық және өңірлік деңгейде әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін үкіметтік емес ұйымдарға 15 бағыт бойынша сыйлықтар табысталады. Осы орайда СҚО бойынша мемлекеттік емес ұйымдар арасында аталмыш сыйлыққа лайық деп «Қызылжар Абай орта мектебі» ҚҚ танылды, – деп хабарлайды осы шараны ұйымдастырушылардың баспасөз қызметі. Айта кету керек, «Таным» сыйлығы қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам қайраткерлерінің жетістіктерін көпшілікке таныту үшін құрылған. «Таным» сыйлығына қатысуға Қазақстанның азаматтық қоғамын қалыптастыру және дамытумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңестер мен қоғам қайраткерлері шақырылады. Дауыс беру онлайн түрде өтеді. Жалпы СҚО-ға қарасты Петерфельд селосындағы мектепті жаңарту, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – тұрақтылық пен өркендеудің негізі» атты Жолдауында атап айтқан тапсырмасы негізінде қолға алынған жоба. Бұл жоба қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақытығын азайтуға бағытталған. Біршама жылғы тарихы бар ескірген ауыл мектебі Рауан Кенжеханұлының бастамасы бойынша «Bilim Ғoundation» ҚҚ-ның қаражатына мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жобасы аясында модернизациядан өтіп, сенімгерлік басқаруға берілді. Барлық мектеп түбегейлі жаңарып, заманауи кабинеттер ашылды. Бұл өз кезегінде ауылдың қаракөз балалары ауылда тұрғандарына қарамастан қаладағы балалардан кем білім алмауы үшін жасалды. – Мен Петерфельд мектебінде 1-ші сыныптан бастап білім аламын. Қаладағы туысқандарымның лед тақта, замануи компьютерлерді пайдалана отыра сабақ өтетіндерін айтқанда шыны керек таңданатынмын. Ол маған бір қолымыз жетпейтін дүние сияқты көрінді. Содан-соң қала мектептеріне барғанда өте әдемі дәліздер, көздің жауын алатын кабинеттер мені қатты қызықтыратын. Біздің ауылдағы мектепті жаңартқанын көргенде өз көзіме сене алмадым. Мен де қатарластарыммен бірге соңғы үлгідегі мектепте білім алатынымды көріп өте қуандым. Мектепке келуге, оқуға деген құштарлығым өте қатты ұлғайды. Қазіргі таңда біз Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ауыл мектебіне бейімделген бағдарламасы негізінде білім алудамыз. Бағдарлама өте қызықты. Көп ізденудің арқасында ақпараттардың барлығы миыңда қалады екен,– дейді Қызылжар Абай орта мектебінің оқушысы Аманжол Дамир. Иә, мектеп модернизациядан өткеннен кейін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ауыл мектептеріне бейімделген бағдарлама негізінде білім беруге көшті. Бұл тұрғыда НЗМ Абай мектебіне арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп 3 томдық зертеу нәтижесін жинақ ретінде қалдырды. Ауыл мектептерін қолдау жобасы бойынша оқу ошағының инфрақұрылымы түгенделіп, ауылдағы білім беру қызметінің сапасы артты. Бүгінгі күні «Қызылжар Абай орта мектебі» ҚҚ Қызылжар ауданына қарасты барлық білім беру ұйымдарына сапалы түрде тәжірибе таратып жатыр. Ауданның мектеп директорлары, орынбасарларына арналып арнайы тәжірибе алаңы құрылып, Зияткерлік мектептердің ауыл мектептеріне бейімделген бағдарламасын оқушыларға қалай игерту қажеттігі үйретілуде. Мектеп кез-келген уақытта әдістемелік көмек көрсетуді жалғастырып жатыр. – Тәжірибемен бөлісу семинарынан алған әсеріміз керемет. Шыны керек басқа әлемге түскендей болдық. Ол жерде ынтымақтастық, септесу, қолдау қасиеттері арқылы сапалы тәжірибе жинадық. Қызылжар Абай мектебінің әдістемелік тұрғыда берген ақпараттары өте сауатты болды, және оңай тілмен жеткізілді. Бәріміз толық мотивация, энергиямен өз мектебімізге үйренгенімізді іске асыруға асыға тарастық, – дейді Қызылжар ауданына қарасты Соколов ауылындағы орта мектеп директоры Гүлшат Сыздықова. Биылғы жылы мұғалімдердің ғылыми-зерттеу іс-тәжірибесі қайта жанданды. Қазіргі уақытта 10 ғылыми топ құрылып, жұмыстарын бастады. Қызылжар Абай орта мектебінің оқушылары ғылыми жобалар байқауында жақсы жетістіктерімен ерекшеленді. 8-11 сынып оқушылары арасындағы Республикалық ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңіне 5 жоба және 2-7 сынып оқушылары арасында өтетін Республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңіне 2 командалық, 3 жеке жоба, барлығы 5 жоба қатысты. Барлығы екі байқауға 9 жоба, 11 оқушы қатысқан болатын. Ал жалпы ғылыми жобалар бойынша 10-нан астам жүлделі орын мектеп қанжығасына байланды. Оқушылар мен ұстаздардың еңбегі ақталып, жүлделі орындарды иеленді. – Өздеріңіз білетіндей, біздің Қызылжар Абай орта мектебіміз мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жою мақсатында жүзеге асып жатқан үлкен жобалардың алғашқысы. Бұл жоба мектеп әкімшілігіне, ұстаздарға тіпті барша оқушыларға үлкен жауапкершілікті артып отыр. Алдағы таңда біздің мектебіміздің көрсеткіштері қала мектептері көрсеткіштері арасындағы алшақтықтың азайып жатқанын көрсете алса, осындай жобалар көбейіп, еліміздің түпкір-түпкірінен заман талабына сай мектептердің көбеюіне әкеледі. Сол себепті, қазіргі таңда біздің ұжым, мектебіміздің оқу сапасын арттыруда жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр, – дейді жуырда тағайындалған мектеп директоры Әділбек Исмагулов. Шынымен де, алда алар асулар жетерлік. Жоспар бойынша тек теріскейде ғана емес басқа да өңірлерде Абай мектептерін ашу жоспарда бар. Қазіргі таңда бұл тың жоба өзінің өміршеңдігін көрсетіп жатқандығы тек жоба жетекшілері үшін ғана емес, қарапайым ауыл әлеуметі үшін қуаныш екені рас.