Наурыз мерекесі аталып өтті

Артқа қайту

Қызылжар Абай мектебінде Наурыз мерекесі аталып өтті. Аулада ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілді. Мерекеге келген меймандар Ұлыстың ұлы күнінде пісірілетін басты тағам – наурыз көжеден дәм татып, қызықты концерт тамашалады. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін ата-бабамыз бір ай бойы тойлаған. Қызылжар Абай мектебінде де көне мейрам ежелгі дәстүрге сай аталып өтті. Басты мақсат – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақ санасына сіңіру. Осындай шаралар ұйымдастыру арқылы мектеп, ата-ана мен шәкірттер арасындағы байланысты ныңайту. «Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – қазақ халқының салт-дәстүрін өскелең ұрпаққа жеткізу. Біз бұл мерекені 22 наурыз күні ғана тойлап үйреніп қалғанбыз. Мекеп ұжымы күн жылынғанын күтті. Өтйкені аулада киіз үй тігілді. Мақсатымыз – Наурыз мерекесін тойлауды өзге ұлт өкілдеріне, балаларға үйрету», - дейді Қызылжар Абай орта мектебінің басқарушы директоры Берік Рақышев. Петерфельд ауылдық округінің әкімі Оралбек Жамалиев көпшілік алдында сөз алып, халықты көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады. Ол мектеп ұжымы мерекелік шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғанын тілге тиек етті. Наурыз мерекесіне мектеп ұжымы ғана емес, ауыл тұрғындары да қатысты. Оқушылар концерт әзірлеп, келген меймандарға әдемі ән мен әуезді жырдан шашу шашты. Ұстаздар қауымы мен оқушылар ұлттық дәстүр жайында көріністер сахналап, көрермендерге қазақ халқының көне жоралғылары жайында мол мағлұмат берді. Ата-аналар да мерекелік шараға белсене араласты. «Біздің салт-дәстүріміз бай. Наурыз мейрамы – қазақтың жаңа жылы. Тамақ пісіріліп, ойындар ойналытады. Балалар ұлттық тәрбие алып, өз тарихын білуі шарт. Бүгінгі күн оларға өнегелі болды деп ойлаймын», - дейді ата-аналар комитетінің мүшесі Дәмелі Іргебаева. Көпшілік киіз үйде жайылған бай дастарханнан дәм татып, наурыз көже ішті. Балалар ұлттық тағамдардың сан-алуан түрімен танысты. Далада асыр салып ойнап, мәз-мейрам болысты. Мектеп әкімшілігі Наурыз мерекесін бар сән-салтанатымен атап өту игі дәстүрге айналатынын жеткізді.