ҰМЫТЫЛМАС ӘСЕР СЫЙЛАҒАН САПАР

Артқа қайту

Елімізде алғаш рет FIRST роботтехника бойынша халықаралық чемпионатының республикалық кезеңі өтті. Дүбірлі додада облыс намысын Қызылжар Абай орта мектебі мен Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларынан құрылған «Artaroboties» командасы қорғады. «Сайыста еліміздің барлық қалаларынан келген командалар сынға түсті. Тапсырмалар күрделі болды. Мұндай додаға бірінші рет қатысып отырмыз. Сондықтан ол біз үшін үлкен тәжірибе алаңына айналды. Байқаудан кейін түрлі челлендж, викториналық ойындар ұйымдастырылды. Барлығына қатысып, керемет әсер алдық. Алматы – әсем қала. Көне шаһарда саяхаттаудың өзі, бір ғанибет. Болашақта осындай шаралар көп болады деген үміттемін», - деді Қызылжар Абай орта мектебінің мұғалімі Мұрат Құрманғалиев. Сайыста Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 700-ден астам мектеп оқушысы инженерлік-техникалық дағдыларын көрсетті. Жеңімпаздар әлемнің жүзден астам елінен командалар қатысатын жарыстың әлемдік финалына жолдама алды. Қорытынды кездесу АҚШ-та өтеді. FIRST – роботтехника бойынша әлемдегі ең ірі білім беру ұйымдарының бірі. Жыл сайын оның қолдауымен 6-18 жас аралығындағы балаларға арналған түрлі жарыстар өткізіледі. Әрбір байқау өзіндік әдістемесімен және тапсырмалардың күрделілігімен ерекшеленеді. Тапсырмалар шынайы әлемдік сын-қатерлерге – өнеркәсіпті автоматтандыруға, пайдалы қазбаларды өндіруге, қоқысты қайта өңдеуге, ғарышты игеруге, биомедицинаға және басқа да маңызды тақырыптарға байланысты. Балалар да бұл сапардың өздеріне ұмытылмас әсер ғана емес, баға жетпес тәжірибе сыйлағанын атап өтті. Өйткені олар мұндай жоғары деңгейдегі байқауға алғаш рет қатысты. Сайысқа оқушыларды жіберудегі мақсат та, олардың түрлі додаларға қатысуға деген қызығушылығын арттыру. Робототехника – физика, информатика және математика пәндерімен тығыз байланысты. Сондақтан үйірмеге қатысатын оқушылар уақытын қызықты өткізіп қана қоймай білімін тереңдете түседі. «Сайыс біз үшін сәтті өтті. Дайындық уақыты шектеулі болғанына қарамастан, жақсы нәтиже көрсеттік. Тек команда мүшелерінің бірі жасаған роботты құлатып алып, оны тезарада жинауға тура келді. Бұл жағдай ұпай санының айтарлықтай азайып қалуына себеп болды. Бірақ мұндай сайыстар сонысымен де қызық. Мойымай алға ұмтылдық. Қазылар алқасы біз жасап шығарған инновациялық жобаны атап өтті. Ол идеяны болашақта жүзеге асырамыз. Бірінші сайыс біз үшін осылай өтті. Бастысы келесісіне қалай дайындалу керек екенін ұғындық», - дейді мектеп оқушысы Жансар Садриев.